"90 жылдарға қайта оралғандаймыз"

561

Ақтөбе облысында бүтін бір аудан қара түнекте қалды. Оған электр қуаты желілерінен шыққан ақау себеп болған.

"90 жылдарға қайта оралғандаймыз" Фото: Мәртөк ауданы әкімдігінің парақшасынан скриншот

"Үш күннің ішінде 90-жылдарға қайта оралғандай болдық. Не жарық, не жылу жоқ, кейбірі суға зар болып қалды. Пеші электрмен жылынатындар үйлерінде бүрсеңдеп отыр. Менің үйімде жарық бар, бірақ су жоқ. Амалдап ыдысқа құйып, жуынып отырмыз. Көршімде жарық жоқ. Қазан ауылында таныстарымыз хабарласты, олардың да жағдайы - біздікіндей. Жарық пен сусыз отыр. Көшедегі су бұрандасы жарықсыз жасамайды екен. Тоңазытқыштағының бәрі бұзылатын болды. Халық бір-бірінен су сұрап, телефондарын қуаттандырып жүр. Әрі қарай күніміз не болады?!", - дейді Мәртөк ауылының тұрғыны Александр.

Ал аудан әкімдігіндегілер апаттың жұма күні сағат 15-30 болғанын айтты.

Аудан әкімінің орынбасары әкімдіктің ресми парақшасында  мәлімдеме жасап, тұрғындарды түсіністік танытуға шақырған.

"Қатты желден және электр бағаналары мен тарату желілеріне мұз қатқасын жоғары кернеулі электр желілерінде апат болды. Қазіргі таңда аудандағы 32 ауылдың 11-не жарық берілді. Аудан орталығының өзінде жарықты көшелерге алма-кезек береміз. Таңертең жарықпен отырғандарды ажыратып, кешеден жарықсыз отырған көшелерге береміз. Ауданға толықтай электр жарығын беру үшін апатты жойып, желідердің қалыпқа келтірілгенін күтеміз", - деді Мәртөк ауданы әкімінің орынбасары Аслан Айтмағамбетов видеоүндеуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу