"900 млн теңгеге залал келген": Украинада қазақстандықтарды алдаған call-орталық жойылды

496

Украинаның 9 азаматы ұсталып, оның бесеуі қамауға алынды.  

"900 млн теңгеге залал келген": Украинада қазақстандықтарды алдаған call-орталық жойылды Фото: polisia.kz

Украинада қазақстандық азаматтарды арнайы қызметтердің атынан алдаған call-орталық жойылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

23 қыркүйекте Қазақстанның ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері Украинаның Ұлттық полициясымен және Бас прокуратурасының кеңсесімен, сондай-ақ Қазақстанның Бас прокуратурасымен бірлесіп, алаяқтардың трансұлттық қылмыстық тобының жолын кесті .

ІІМ ақпаратына сүйенсек, Черновцы мен Одесса қалаларында ұзақ мерзімді бірлескен жедел іс-шаралар нәтижесінде Қазақстан азаматтарын алдаумен айналысқан алаяқтық call-орталық жойылды.

"Қылмыскерлер алдын ала құрылған схема бойынша әрекет еткен. Олар жәбірленушілерге Қазақстанның Ұлттық Банкі, құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтері атынан қоңырау шалып, "күдікті операциялар" мен "террористік ұйымдарды қаржыландыру" үшін қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытып, азаматтарды несие алуға, мүлкін сатуға және депозиттегі қаражатты дроптардың шотына аударуға мәжбүрлеген. Осылайша психологиялық қысым жасаған. Топ нақты иерархиядан тұрған. Әркім өз рөлін атқарған. Онда әкімшілер, HR-менеджерлер, "клоузерлер", техникалық қызметкерлер, тіпті "күштік блок" болған", – делінген хабарламада.

Қылмыстық жолмен алынған ақша call-орталықтың жұмысына, автокөлік сатып алуға және тағы да басқа нәрселерге жұмсалды. "Кеңсені" ұстау үшін ұйымдастырушылар айына 60 мың доллар жұмсаған, ал күдіктілердің бірі соңғы 6 айда 5 көлік сатып алған.

"Бір мезгілде күдіктілердің тұрғылықты мекенжайлары бойынша және сall-орталықтың өзінде жүргізілген тінту барысында 30-дан астам компьютерлік техника, 79 ұялы телефон, sim-карталар, нысанды киім-кешек, құқық қорғау және арнайы органдардың, Ұлттық банктің қызметкерлерінің жалған куәліктері,  азаматтарды алдауға арналған түрлі жауап нұсқалары бар алдын ала дайындалған сценарийлер, сондай-ақ басқа да айғақтар тәркіленді", – деді ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Аслан Өскембаев.

Тәркіленген құрылғыларда deepfake технологиясы арқылы бейне мен дауысты өзгертуге арналған арнайы бағдарламалық жасақтама табылды. Алдын ала мәлімет бойынша қаскүнемдер Қазақстан тұрғындарын 900 миллион теңгеден астам сомаға алдаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу