Израиль әскері палестиналықтардан Хан Юнустың әл-Маваси аймағы мен миллионға жуық адам тұратын Рафахтың солтүстік бөлігін босатуды талап етіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Израильдің бомбалауы мен палестиналықтарды көшіру әрекетіне қарамастан, 900 мыңнан аса адамның Газа қаласы мен солтүстік аудандарынан қашып шықпағаны анықталған.
– Израильдің халықаралық құқық пен халықаралық шарттарды бұза отырып, күштеп шығару қылмысының бір бөлігі – аяусыз бомбалау мен геноцидке қарамастан, 900 мыңнан астам палестиналық Газа қаласы мен солтүстігіндегі өз орындарында қалып, оңтүстікке көшуден бас тартты, – делінген хабарламада.
Соңғы күндері үкіметтік топтар Израильдің шабуылымен бірге Газадан аймақтың оңтүстігіне күштеп қоныс аударудың артқанын байқады. Шамамен 335 мың палестиналық Газадағы үйін тастап, аймақтың оңтүстік бөлігіне көшті. Бұл адамдардың 24 мыңнан астамы оңтүстікте күнкөрістің жоқтығынан қайта оралған.
Жарияланған мәлімдемеде Хан Юнустың әл-Маваси аймағы мен миллионға жуық адам тұратын Рафахтың солтүстік бөлігінде ауруханалар, инфрақұрылым, су, азық-түлік, тұрғын үй, электр энергиясы және білім беру сияқты негізгі қызметтердің мүлдем жоқтығы, өмір сүру мүмкін еместігі жазылған. Израиль әскері карталарында Газа секторының 12 пайыз жерін "баспана аймағы" деп 1,7 миллионнан астам адамды осы жерге шоғырландыруға тырысуда.
Еске салайық, Израиль әскері 19 қыркүйекте жергілікті баспасөзге жасаған мәлімдемесінде Газа қаласынан 480 мың палестиналық оңтүстік аймақтарға көшкенін хабарлаған-ды.