922 млн теңге бөлінген стадион құрылысы сағызша созылды

423

Атырау облысында 1 млрд теңгеге жуық ақша бөлінген стадион құрылысы сағызша созылды.

922 млн теңге бөлінген стадион құрылысы сағызша созылды Фото: Inbusiness.kz

Қазына қаржысына салынып жатқан нысан осы қарашада аяқталуы тиіс еді. Алайда мердігерлер міндетті орындай алмады. Ал шенділер компанияны сотқа береміз деп отыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты. 

Құрманғазы ауданының орталығындағы стадион құрылысы былтыр жыл соңында басталған. Жоспар бойынша бір жылда халық игілігіне берілуі тиіс еді. Жобаға қазынадан 922 млн теңге бөлінген. Конкурсты ұтып алған "ГрадСтройСервис" серіктестігі межелі мерзімде құрылысты аяқтай алмады. Олар болса қосалқы мердігерді кіналап әлек.

"Бізге дейін енді бұл жерде субподряд істеген. Солар жұмысты қарқынды алып кете алмай, тоқтатып қойған. Салдарынан өзіміз келіп бастап жатырмыз қайтадан. Құдай қаласа, келер жылдың май айына дейін қолданысқа береміз", - дейді "ГрадСтройСервис" серіктестігінің өкілі Шынтас Керімқұлов.

Аудан әкімі ең алдымен құрылысты жүргізуге жауапты мердігерді сотқа бермекші. Серіктестіктің әрі қарай жұмысты жалғастырып, не тоқтататынын сот шешеді.

"2023 жылдың 23 қарашасына дейін ол құрылыс жұмыстары аяқталуы керек, қайта жаңғырту жұмыстары. Ол аяқталмаған жағдайда осы 24-25 қарашадан бастап сотқа шағым түсірілетін болады аудандық құрылыс бөлімі тарапынан", - дейді Құрманғазы ауданының әкімі Абат Жанғалиев.

Құрылысты қайта қолға алмас бұрын, нысанды уақытында аяқтамаған мердігерлер келтірілген залал құнын өтеуі тиіс. Солай болған күннің өзінде биліктегілер жобаның жарты жылда аяқталатынына сенбейді. Ал мердігер компания қазынадан қосымша қаржы сұратпай-ақ, бәрін өз мойнымызға алып, объектіні тапсырамыз деп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу