Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты Ахмет ауылынан ұрланған жылқылар табылып, иесіне қайтарылды, деп хабарлайды /khabar.kz.
Барымташылар осыдан он шақты күн бұрын 93 бас жылқыны жайылымнан айдап кеткен. Жедел іздестіру шаралары кезінде ұрланған мал Ақмола облысының Аршалы ауданынан табылды. Бірақ қолды болған 93 бас жылқының тек 73-і аман, қалғаны жоқ. Қазір осы қылмыс бойынша төрт күдікті қамауға алынды.
"Олардың басқа да мал ұрлығына қатысы болуы мүмкін", – дейді тәртіп сақшылары.
"Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 4 күдікті адамды біз Нұра ауданы уақытша ұстау изоляторына қамадық. Сонымен қатар жетіспейтін жылқыларды қайда жіберуі мүмкін екенін анықтап, жауап алу жүргізіп жатырмыз", - дейді Нұра аудандық ІІБ ТБ аға тергеушісі.