Құрылыс саласында биыл 12,1 млн шаршы метр тұрғын үйді немесе 103 мыңнан астам баспананы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек халық алдындағы есептік кездесуінің қорытындысы ретінде өткен баспасөз конференциясында айтты, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Тұрғын үй құрылысына 513,3 млрд теңге инвестиция салынды. Бұл өткен жылғыдан 28,4%-ға жоғары. Республика бойынша 49 667 баспана пайдалануға берілді, оның ішінде 20 532 жеке үй бар.
"Мемлекет басшысының бастамасы бойынша ипотеканы одан әрі дамыту және төлем қабілеті бар халықты қолдау мақсатында "7-20-25" жаңа ипотекалық несиелендіру бағдарламасы енгізілді. Төмен пайызды ипотека жаңа құрылыстан баспана алуға беріледі. Ұлттық банктің дерегі бойынша биыл 4-шілдеден бастап кредиттік комиссияның қарауына өтініштер түсе бастады. Бүгінгі күні 148 өтініш жолданып, 1,1 млрд теңге болатын 95 ипотекалық кредитті беру мақұлданды", - деп хабарлады министр Жеңіс Қасымбек.
Еліміздің көлік саласы да өсім динамикасын көрсетіп отыр. Барлық көлік түрлерімен жүк тасымалдау көлемі 6,4%-ға өсіп, 1,8 млрд тоннаны құрады. 6 айдың қорытындысы бойынша транзиттің жалпы көлемі 8,5 млн тоннаға жетті. Бұл 2017 жылдың (7,8 млн тонн) сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 9%-ға артық. Контейнерлік тасымал көлемі 206 мың контейнерді құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40%-ға артты (2017 жылдың 1 жартыжылдығында – 148 мың ЖФЭ). Соның ішінде Қытай-Еуропа-Қытай бағыты бойынша аталмыш көрсеткіш 101 мың контейнерге жетті. Бұл 38%-ға артық (73,1 мың ЖФЭ).