Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министрліктің жазуынша, АҚШ 2026 жылдың 23 шілдесінде 1974 жылғы Сауда туралы заңның 301-бөлімі аясында жүргізілген тергеу нәтижелері бойынша түпкілікті шешім қабылдаған.
2026 жылдың 24 шілдесінен бастап күшіне енетін жаңа баж АҚШ Сауда өкілдігі бекіткен ерекше тауарлар тізбесіне енгізілмеген қазақстандық өнімдерге қатысты қолданылады.
– Бұған дейін қолданылып келген 10% мөлшеріндегі уақытша импорттық үстеме белгіленген 150 күндік мерзімнің аяқталуына байланысты өз күшін жойды. Осыған байланысты бұрынғы үстеме жаңа кедендік бажға қосылмайды, – делінген хабарламада.
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, Қазақстанның АҚШ-қа экспорттайтын өнімдерінің шамамен 95%-ына қосымша кедендік баж бұрынғыдай қолданылмайды.
Ведомство қазақстандық экспорттаушылардың мүддесін қорғау және өзара тиімді шешімдерге қол жеткізу мақсатында АҚШ-пен келіссөздер мен өзара іс-қимылды жалғастырып жатқанын жария етті.
Бұған дейін АҚШ-тың ондаған елге жаңа баж салығын енгізгенін және оның арасында Қазақстанның барын жазған едік.