Ақмоладағы туризм биыл қандай бағытта дамиды

2196

Осы жылы өңірде үш туристік нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде.  

Ақмоладағы туризм биыл қандай бағытта дамиды

2018 жылы Ақмола облысының туризм саласында біршама өзгеріс орын алмақ. Мәселен, биыл өңірде үш туристік нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, осы жылы "Тамилла" демалыс үйі, Зеренді өзенінің бойында "Бибі сара" демалыс базасы және Бурабайда мейрамханасы мен саунасы бар қонақ үй кешені есігін айқара ашпақ. Үш нысанның жалпы құны 494 млн теңгені құрап отыр.

Жалпы, кластерді дамытудың негізгі әлеуеті ішкі және сыртқы туризмде жатыр. Осы орайда, "Бурабай" курортының артықшылығы көп. Облыс басшылығы аталған курорттың жыл он екі ай бойы жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қолға алуда. Бұл мақсатта "Four seasons" тұжырымдамасы іске асырылып жатқанын атап өткен абзал. Аталған тұжырымдамаға 30-дан астам іс-шара енгізілген. Оған сәйкес, туризмді дамытуға кәсіпкерлердің жеке қаражаты, жеке инвестициялар және қосымша жер учаскелері тартылуы керек.

Сондай-ақ өңірдегі туристік инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешуге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл ретте, Щучинск-Бурабай курорттық аймағының екі кезеңнен тұратын даму жоспары іске асырылды. Қазіргі уақытта даму жоспарының ІІІ кезеңін жүзеге асыру туралы шешім қабылданды. Ол үшін 61,4 млрд теңге қарастырылып отыр.

Облыстық басқарма өңірдің, оның ішінде "Бурабай" курортының туристік әлеуетін арттырып, имидж қалыптастыру мәселесіне көп көңіл бөлуде. Атап айтқанда, аймақ туризмін ақпараттық кеңістікте насихаттауға назар аударылуда. Бұл ретте, "Visit Aqmola" туристік ақпараттық орталығының жұмыс істейтінін жақсы білеміз. Орталықтың мақсаты – өңірдің туристік брендін қалыптастыру. Орталық жыл басынан бері Тайвань, Өзбекстан, Ресей туроператорларына ақпараттық турлар ұйымдастырды.

Жалпы, қысы-жазы қонақ арылмайтын Ақмола өңірінде туристік қызмет көрсететін 700-ге жуық кәсіпорын бар екен. Облыстық туризм басқармасының деректеріне сүйенсек, оның 338-і жатын орындармен қамтылған. 11-і санаториялық-курорттық ұйымдар. Жол бойында қызмет көрсетуші кәсіпорындардың жалпы саны – 266. Сонымен қатар, өңірде арнайы лицензисы бар 68 турфирма жұмыс істейді. Бұдан бөлек, облыс аумағында "Көкшетау", "Бурабай", "Бұйратау" мемлекеттік ұлттық табиғи парктері, Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы орналасқан.

Ақмола облысының аумағында мәдени-тарихи бағытта 900 ескерткіш бар. Олардың біразы мемлекеттік қамқорлығына алынған. Бұл бағыт та аймақ туризмін одан әрі тартымды ете түсуде. Аймақта 80 туристік маршрут жұмыс істейтінін бөле-жара атап өткен жөн.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу