Елбасы биылғы халыққа жолдауында ауыл шаруашылығын экономиканың жаңа драйверіне айналдыру керек деп үлкен міндеттер жүктеді. Осыған орай Оңтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге ерекше мән берілуде. Соның арқасында биыл егіс көлемі 20,7 мың гектарға артып, 809 мың гектарды құраған. Оның ішінде көкөніс 35,3 мың га, картоп – 13,3 мың га, бақша дақылдары 57 мың га жерге егілген, деп хабарлайды abctv.kz.
Табиғаттың қолайлығына байланысты биыл өңір шаруалары мол өнімге қол жеткізді. Мәселен, бүгінгі күнге облыс бойынша 762 мың тонна көкөніс, 1 млн 4 тоннадан астам бақша дақылдары мен 208 мың тонна картоп жиналған. Ауыл шаруашылығы экспортының көлемі де едәуір артып отыр екен.
"Ауыл шаруашылығы экспортының көлемі бүгінде 100 млн. АҚШ долларын құрап, 0,6 %-ға артса, импорт көлемі 166 млн. АҚШ долларына жетіп отыр",- дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов.
Өңірде еліміз бойынша мақтаның 100%, жүзімнің 68,5%, бақша дақылдарының 61 % , жеміс - жидектің 38% , көкөністің 25% , мақсарының 36 %, жүгерінің 23% , сүттің 13,5 % , еттің 12,3%, жұмыртқаның 6,5% өндіріледі. Бұл өңірде ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті жоғары екендігін аңғартады.
Өткен жылы өңірдегі ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемі 480,4 млрд.теңгені құрапты. Бұл көрсеткіш соңғы бес жылда шамамен 2 есеге ұлғайып отыр. Жалпы өнімнің республикадағы шаққандағы үлесі 13% құраған.
Аграрлық сақтандыру жүйесіндегі халықаралық практиканы ескере отырып, өңірлер бөлінісінде сақтандыру жөніндегі деректер базасы құрылған болатын. Яғни, электрондық карта жасалды.
Сондай-ақ биыл ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан өсімдік, мал шаруашылығы және қайта өңдеу өнімдерін өндіруге қажетті негізгі және айналым қаражатына арналған лизинг, субсидиялар, кредиттер алу кезінде ерікті сақтандырудың уақытша нысандарын қолдану әдістемесі қоланысқа енгізілген. Бұл өз кезегінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға сеп болмақ.
Бұдан бөлек, өңірде үй шаруашылықтары, фермерлік, шаруа қожалықтарында өндірілген өнімді өткізу кооперативтері құрылуда. Мәселен жуырда Төлеби ауданында тауық өсіретін шағын кооперативтер құрылып, 20-ға жуық цехтың құрылысы басталды.
"Бұл цехтардың әрқайсысы әр отбасыға берілген. Олар әзірге шығынды несие алып, құрылыс жүргізуде. Мұнда шөжелер өсіріліп, 1,5 келі болғанша бағылатын болады. Шөжелерді "Шымкентқұс" ЖШС-гі беретін боп келісілді. Сондай-ақ ол мекеме жем-шөп, дәрілеу, емдеу жұмыстарына да қолғабыс жасайды", - дейді Төлеби ауданының әкімі Бұқарбай Парманов.
Дәл осы үлгі шеңберінде ауданнан сүт қабылдау, мал сою, мал бордақылау алаңдарын, көкөніс-жеміс өнімдерін дайындау және отбасылық жылыжайларды құру жоспарлануда екен.
Жалпы 2021 жылға дейін облыста 90 мың жеке шаруа қожалықтарынан құралған 600-ден астам кооперативтер құрылатын болады.