ҚХА тұжырымдамасы: келісімге кепіл, берекеге бастау

2367

2025 жылға дейінгі бағдарламалық құжат болашағы біртұтас ұлт қалыптастыруды көздейді.

ҚХА тұжырымдамасы: келісімге кепіл, берекеге бастау

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайтып, "Мәңгілік ел" жалпыұлттық патриоттық пактісінің құндылықтарын қастерлеуге шақырады. Осылайша болашағы біртұтас ұлт қалыптастыруға ықпал етеді.

ҚХА тұжырымдамасына мемлекет пен этномәдени бірлестіктердің өзара іс-қимылын жаңа деңгейге жеткізу, өзге ұлт өкілдерінің мәдениеті мен тіліне, дәстүрі мен салтына құрмет көрсету сонымен қатар мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып, үш тұғырлы тіл саясатын насихаттау міндеті жүктелген.

Тұжырымдамаға сәйкес ҚХА бірегейлік пен бірліктің қазақстандық моделін халықаралық қоғамдастықта таныта отырып, шет мемлекеттердің азаматтық қоғам институттарымен ықпалдасуды көздейді.

Бағдарламалық құжат Елбасы сая­сатының басты бағыты еліміздегі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық келісімге кепіл болады және аза­мат­тық қоғам институттарын дамытуға, мемлекеттік орган­дар­мен әріптестіктің жаңа фор­матын қалып­тастыруға сондай-ақ халықтың аза­мат­тық бел­сенділігінің артуына соны серпін береді.

ҚХА-ның 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасында "Қазақстан-2050" стратегиясын тиімді жүзеге асыруға, "100 нақты қадам" ұлт жоспары мен "Нұрлы жол" президенттік бағдарламасын ілгерілетуге, ҚХА депутаттық корпусы мен Парламенттегі "Нұр Отан" партиясы фракциясының байланысын кеңейтуге, ҚХА Достық үйлері мен партияның қоғамдық қабыл­даулары негізіндегі әріптестікті жандандыруға және "Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы" мега-жобасы аясында ел аумағында қайырымдылық пен медиация шараларына ұйытқы болуға басымдық берілген.

Ақиқатын айту керек, қазіргі уақытта қоғамның тұ­тас­тығын саяси идеология емес, халықтың біртектілігі мен ымыра біршілігі сақтайды. Бұл болмайтын болса, кез келген елдің басынан бақ таяды. Мұны дүниежүзі Ливия, Сирия сынды мемлекеттерден көріп отыр.

ҚХА өзінің 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасында этносаралық, конфессияаралық келісімге бекерден бекер салмақ салып отырған жоқ. Құжат Қазақстан халқының қанаттас, қапталдас, мүдделес, мақ­саттас болғанын қалайды. Бұл үшін елімізде береке мен бірліктің бесігі тербеліп, ынтымақ пен ырыстың қазаны қайнауы тиіс.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: "Қазақстан­ның басты байлығы – жердің астында да емес, үстінде де емес, қа­зақстандықтардың жүрегінде" деген сөзді шегелеп айтты. Расын­да да, біздің басты байлығымыз – бірлігіміз. Бірлік арқылы жасап отырған тірлігіміз. Сол тірліктің арқасында бүкіл әлемге көрсетіп отырған ірілігіміз. Осының барлығы топтасқанда қоғамдық келісімге келіп тіреледі. Келісімі бар қоғамда барлық шаруа оң шешіледі. Кез келген мәселенің түйіні тарқатылады. Барлық салада ілгерілеу болады.  Осы тұрғыдан алғанда келісімге кепіл, берекеге бастау болып отырған ҚХА тұжырымдамасының құнды құжат екеніне дау жоқ.

Елбасы ассамблеяға қоғамдық келісімнің бас институты, жалпыазаматтық, жалпыұлттық ішкі саяси мүдделерден жоғары Конституциялық орган деген баға берді. Сондықтан қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту бағытындағы бастамалар ассамблея жұмысының және Қазақстан этносаясатының негізгі бағыты болып қала береді.

ҚХА тұжырымдамасы этносаралық қарым-қатынастың көкжиегін кеңейтіп, Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстардың берекесі мен бірлігін одан ары нығайту үшін "Бір ел - бір тағдыр" ұстанымын темірқазық тұтады. Осылайша еліміздегі тұрақтылық пен толеранттылықтың жалғаса беруіне жағдай жасайды.

Баршаға белгілі, ҚХА саяси емес, жалпыұлттық орган. Оның басты мақсаты – халықтың мүддесімен мүдделес болу және қоғамдық келісімді орнықтыру. Бұл бағыттағы жұмыс ҚХА тұжырымдамасында Қазақстан халқының ортақ тарихи-мәдени мұрасын сақтау, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дәріптеу, халықтың саяси-құқықтық мәдениетін көтеру, ксенофобия мен экстремизм көріністеріне төзбеушілік таныту үлгісінде көрініс тапқан.

Тұжырымдамада ЕАЭО, ШЫҰ, АӨСШК, ТҮРКСОЙ ұйымдарымен мәдени-гуманитарлық байланыстың тамырын тереңдету қажет екені нақтыланған. Бұл ҚХА томаға-тұйық орган емес, өркениетке ұмтылатын демократиялық ұйым екенінің айғағы.

Елбасы ҚХА сессияларының бірінде: "Қазақстан халқы Ассамблеясы – ол әрі іргетас, әрі бейбітшілік пен рухани келісім мәдениетінің негізгі қағидаты.  Ассамблея – инновациялық  модель және Қазақстан демократиясының табысты құралы" деген болатын. Біз бұдан асырып айта алмаймыз. Шын мәнісінде ҚХА өзінің әу бастағы міндетін мінсіз атқарып келеді. Ал оның бағдарламалық құжаты заман талабына сай жаңарып, жаңғырып, жетілдіріліп жатыр.

ҚХА тұжырымдамасының мақсаты мен мұраты айқын. Ол еліміздегі этносаясаттың тамырын тереңдетіп, "Ұлы дала елі" бренді арқылы болашағы біртұтас ұлт қалыптастыруды көздейді. Осы арқылы жаһан жұртына қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін паш етеді.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу