Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген Қазақстан халқы ассамблеясы (ҚХА) әлемнің бірде-бір елінде баламасы жоқ бірегей институт.
1995 жылы 1 наурызда Елбасы тарихи шешім қабылдап, ассамблея құру туралы жарлыққа қол қойды және оның мәртебесін президент жанындағы консультативті-кеңесші орган деп бекітті.
Нұрсұлтан Назарбаев ассамблеяға қоғамдық келісімнің бас институты деген баға беріп қана қоймай, оған тұрақтылық пен толеранттылыққа, ынтымақ пен келісімге, береке мен бірлікке бастау болу міндетін жүктеді. Осылайша ҚХА еліміздегі этносаясаттың қозғаушы һәм жетекші күшіне айналды.
Ассамблея құру туралы бастаманы президент тұңғыш рет 1992 жылы көтерді. Идея жан-жақты саралана келіп, 1995 жылы жүзеге асты.
1995 жылдың 24 наурызында Алматы қаласында ассамблеяның 1-ші сессиясы ұйымдастырылды. Аймақтарда кіші ассамблеялар құрылып, жергілікті жерден 260 делегат пен 40 ұлттық-мәдени орталық өкілі ассамблеяның алғашқы сессиясына қатысты. Басқосу барысында президент ассамблеяның ұйымдастырушылық құрылымын бекітіп, оны Конституциялық орган деп жариялады. Осылайша ассамблея ерекше мәртебеге ие болды.
Уақыт өте келе ассамблея этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделін қалыптастырды және халық дипломатиясының күретамырына айналды.
ҚХА өз қызметін Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстарды қазақ халқының төңірегіне топтастырудан бастады. Мақсатқа жету үшін этносаралық, конфессияаралық қарым-қатынастың көкжиегін кеңейтті. Бұл жұмыс жемісті, әрі жеңісті болды. Бұған ҚХА-ның күні бүгінге дейін қол жеткізген жетістігі дәлел.
ҚХА-ның халықты ынтымақ пен ырысқа бастайтын бастамалары Қазақстан халқын "берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле" деген жақсы сөзге иландырды. Сөйтіп тәуелсіз Қазақстанның бірлігі жарасқан, ынтымағы ұйыған, өзгенің діні мен діліне, мәдениеті мен тіліне, салты мен дәстүріне, әдеті мен ғұрпына құрметпен қарайтын елге айналуына өлшеусіз үлес қосты.
Бұл саясат мемлекеттің ұстанымымен үйлесім тауып, президент нақтылап берген стратегиялық мақсаттардың сапалы әрі жылдам орындалуына негіз болды.
Ассамблея "бір ел, бір халық, бір тағдыр" деген ұғымды темірқазық тұтты. Осы арқылы Қазақстан халқын ортақ мақсат пен мұратқа жұмылдырып, бір тудың астына біріктірді.
Бұл туралы президент: "Қазақстан халқы Ассамблеясы – ел экономикасын дамытудың маңызды гуманитарлық ресурсы болып қалыптасты. Ол көпұлтты қоғамдағы этносаралық қарым-қатынасты үйлесімді сақтау бойынша көптеген елдер үшін жарасым эталонына айналды. Ассамблея елімізді модернизациялаудың қуатты әлеуметтік-гуманитарлық әлеуетін қалыптастырды. Бұл өз кезегінде үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы мен елімізді әлеуметтік модернизациялауды сәтті іске асырудың басты факторы болды", – деді.
Бүгінгі таңда БҰҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК сынды халықаралық ұйымдар Қазақстан халқы ассамблеясын еліміздегі әрбір этностың мүддесін қорғайтын қоғамдық бірлестік деп таниды.
ҚХА 1995 жылғы Конституцияның қабылдануына үлкен қолдау білдіріп, тәуелсіз Қазақстанның құқықтық, саяси өміріне жаңа леп әкелді. Сонымен қатар 1995 жылы сәуірде ел тарихында тұңғыш рет Мемлекет басшысының өкілеттілігін 2000 жылғы 1 желтоқсанға дейін ұзарту жөнінде жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтерді.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың: "Біз қоғамда қалыптасқан саяси тұрақтылықты, ұлттар арасындағы ауызбіршілікті, ағайын арасындағы сыйластықты, адамдардың бір-біріне деген мейірімділігін көздің қарашығындай сақтауды балаларымыздың балаларына аманат етіп қалдыруға тиіспіз!" – деген сөзі бар. Осы орайда ассамблея біз тілге тиек еткен елбасы сөзін ақиқатқа айналдыру үшін жоғарыдағы екі тарихи бастамаға ұйытқы болды деп нық сеніммен айта аламыз. Себебі ассамблея құрылған күннен бастап жасампаздық бағытындағы игі бастамалардың бел ортасынан табылуда. ҚХА барлық игі істі бүгін үшін емес, болашақ үшін, елдік мүдде мен ұлттық мұрат үшін жасап жүр. Себебі оның басты мақсаты – ұлттың ұпайын түгендеу, береке мен бірлікті сақтау.
Қай қырынан келсек те, еліміздің этносаралық қатынасының өткені мен бүгінін және болашағын Қазақстан халқы Ассамблеясынан бөліп-жарып қарау мүмкін емес. Ассамблея азаматтық қоғамдағы келісім институты ретіндегі міндетін мінсіз атқарып отыр. Ең бастысы аталмыш институт халықтың сенімі мен қолдауына ие.
Қанат Махамбет