А әріпі бейнеленген логотип енді Ақтөбе облысының бренді болады

1463

 А әріпі бейнеленген логотип енді Ақтөбе облысының бренді болады

Ақтөбе өңірінің кескін-келбетін айқындап, шетелдіктерге таныстыратын жаңа бренд әзірленді. Бұл жұмысқа облыс бюджетінен 3 миллион теңге бөлінді, деп хабарлайды aikyn.kz.

Ақтөбе облысының жаңа брендін дайындау жұмысы екі айға созылды. Мемлекеттік сатып алудан соң жеңімпаз анықталып, дизайнерлер екі ай бойы өңір тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрін айқындайтын ерекшеліктерді іріктеді. Барыс, киік те логотипке салынуы мүмкін жануарлар санатына кірген. Ал қызғалдақты Ақтөбеден бұрын Шымкент өз брендіне айналдырған.

"Халықаралық аренадағы имиджді қалыптастыру, танымалдығын арттыру, ақтөбеліктердің патриотизмін нығайту мақсатында Ақтөбе облысының өңірлік бренді анықталды. Бренд дайындау кезінде сараптамалық кеңес құрылып, оған сәулет, дизайн, ақпараттық-коммуникациялық технология, маркетинг саласының сарапшылары кірді. Барлығы 45 нұсқа жасалды",- деді облыстық мәслихат хатшысы, сараптама кеңесінің төрайымы Сәния Қалдығұлова.

Бренд дайындау жұмыстары кезінде жергілікті тұрғындар арасында сауалнама жүгізілді.

"Басқа да өңірлердің тәжірибесі қарастырылды. Оңтүстік Қазақстан облысы, Астана, Алматы қалалары дамыған елдердің брендтерін қарап, өз өңірімізге келетін алгоритм дайындалды. Халық арасында сауалнама жүргізілді. Тарих, мәдениет, салт-дәстүр мен облыс ерекшелігі ескерілді. Үшінші кезеңде интернет арқылы дауыс берілді. Әлеуметтік желі пайдаланылды",- деді Ақтөбе облыстық сыртқы байланыстар және туризм басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлы.

Сары, қызғылт сары, қызыл. Үш түс таңдалып, А әріпі бейнеленген логотип енді Ақтөбенің бренді болады.

"Бренд қарапайым әрі ерекше болуы керек. Ақтөбенің логотипінде А әрпі бейнеленген. Әріп қошқар мүйіз оюымен ұштастырылды. Ашық үш түс таңдалды. Қызыл, қызғылт сары мен сары. Бұл үш түс өңір тұрғындарының салт-дәстүрін, мінезі мен батылдығын айқындайды. Сонымен қатар, "Ақтөбе – құтты мекен" жазуы қалады. Ендігі жұмыс – брендті танымал ету",- деді дизайнер Ғасыржан Омарбаев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбенің брендін дайындау жұмыстары кезінде дизайнерлер ондаған нұсқаны ұсынып, сараптама кеңесінде іріктеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу