Астанада мектеп құрылысына 102 жер учаскесі белгіленді – Алтай Көлгінов

698

Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов қалада мектептің құрылысына жер учаскелерінің көбейтілгенін хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.

Астанада мектеп құрылысына 102 жер учаскесі белгіленді – Алтай Көлгінов Фото: Алтай Көлгіновтің Facebook-тегі парақшасынан

Қалада 2019 жылдан бері 93 мың оқушыға арналған екі ауысымды 45 мектеп салынған.

"Мектеп салу – өзекті мәселе. Елорда тұрғындарының жыл сайын артып келе жатқаны ескеріліп, оқу орындары орналасатын жер учаскелерінің де санын көбейттік. Қазіргі уақытта мектеп салынатын 102 жер учаскесін белгіледік. Жер учаскелері әлеуметтік нысандардың қажеттіліктеріне орай қаланың барлық ауданында орналасқан. Мәселен, елорда тұрғындары көбірек шоғырланған және қарқынды дамып келе жатқан Есіл ауданында мектеп салынатын 49 учаске, Алматы ауданында – 29 учаске және басқа да жер учаскелерін белгіледік", деді ол әлеуметтік желіде.

Оның айтуынша, мектеп пен өзге де маңызды әлеуметтік нысандар салу үшін жер учаскелерінің саны жыл сайын көбейетін болады. Әр ауданда (шағын аудандарда) оқу орындары болуы үшін егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына (ЕТЖ) арнайы бағыт бекітілді.

Сонымен бірге ол мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 23 аса ірі мектептің жобасын жүргізіліп жатқанын, осының өзі  23 мектепке 2 ауысымда 84 мыңнан астам оқушыны қамтуға мүмкіндік беретінін, "Жайлы мектеп" жобасы аясында білім ошақтарының құрылысы келесі жылы басталатынын атап өтті.

"Осылайша, біз ауқымды мектептер салуды жалғастырамыз. Осыған дейін Астанада 6 ірі мектеп аштық, олардың әрқайсысы 4 мың оқушы орнына (6 мектептегі оқушы орындарының жалпы саны 2 ауысымда 24 мың) есептелген. Қаланы аралау барысында бірқатар мектептің құрылыс барысымен таныстым. Мысалы, бұл мектептер Ұлы дала даңғылында, Ұлы дала мен Сауран даңғылының қиылысында, 187-көше мен Қарасай батыр көшесінде орналасқан. Бұл мектептерді биылғы оқу жылында ашуды жоспарлап отырмыз", деді әкім.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу