Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайтында жазылған. Мәселен, бүгінде №28 мектепке қосымша ғимарат құрылысы жүргізілуде. Жаңа корпус 300 орынға есептелген. Сондай-ақ, қосымша ғимаратта спорт зал, асхана болады. Корпус қазан айында ашылады. Қосымша ғимараттың аумағында ойын алаңы жасалады.
Әкім сондай-ақ №67 мектепке де барып, онда білім ордасына қауіпсіз кіреберіс жолын салу қажеттілігі туралы айтты.
"Мектептерді салып жатырмыз, бірақ кіреберіс жолдары туралы ойламаймыз. Осындай мәселе №75 мектепте де бар. Тұрғызған жаңа құрылыстардың айналасында дұрыс жол жоқ. Ата-аналар мен оқушыларға аулалар арқылы баруға тура келеді. Оқу орындарына қауіпсіз жолдар салу, көлік тұрақтарын ойластыру қажет", – деді А. Көлгінов.
Бұдан басқа, ата-аналар мен оқушылардың ыңғайлылығы үшін бірнеше жерге қақпалар жасалады. Айта кетейік, алдағы 5 жылда елордада 40-қа жуық білім беру нысаны салынады.