ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин және Азия даму банкінің (АДБ) президенті Такехико Накао АДБ мен ҚР Үкіметі арасындағы "Қазақстанның ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін дамыту" форсайт сессиясына қатысты, деп хабарлайды government.kz.
"Биыл біздің институттарымыздың сапасы мен экономикалық өсу әлеуетіне зор үлес қосқан Азия даму банкімен тығыз ынтымақтастығымызға 25 жыл толды. Экономика салаларының институционалдық әлеуетін нығайту, реформаларды уақытылы әзірлеу және тиімді жүргізу өте маңызды. Бұл тұрғыда АДБ біз үшін аса құзыретті институционалдық серіктестердің біріне айналады, оның ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, туризм және өңірлік дамудағы тәжірибесін бүкіл әлем мойындаған және ол көптеген елдердің мемлекеттік бағдарламаларынан көрініс тапқан", – деді А. Мамин.
Бұл кездесу Қазақстан мен АДБ-ның стратегиялық пайымдау және Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін болжау бойынша алғашқы бірлескен ой талқысы болды. Оған Үкімет мүшелері, ұлттық холдингтер мен даму институттарының басшылары қатысты.
Қатысушылар форсайттың әдістемесі мен халықаралық тәжірибесін қарастырды, сондай-ақ 5 сектор бойынша жол карталары мен іс-қимыл жоспарын талқылап, әзірледі: агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған инфрақұрылым, туризм экономиканың басты бөлігі ретінде, қалдықтарды өңдеу үшін “ақылды қала” қосымшасы, ҚР индустриялық-инновациялық дамуы үшін форсайт, өңірлік даму арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыру.
1994 жылдан бері АДБ Қазақстанда қаржыны, инфрақұрылымды, энергетиканы, коммуналдық қызметтер секторын және басқа салаларды дамыту бойынша мемлекеттік жобаларды жүзеге асыруға $5,1 млрд-тан аса займ бөлді. Қазіргі сәтте $3,8 млрд-қа 30-ға жуық жоба толық жүзеге асырылған.
АДБ $49 млн-ға көлік және ауыл шаруашылығы кешендерінде, білім беруде, денсаулық сақтауда, шағын және орта бизнесті дамытуда және басқа да салаларда 100-ге жуық техникалық көмек жобасын қаржыландырды. $628 млн-нан астам қаржы көлік саласындағы, коммуналдық қызметтердегі, мал шаруашылығындағы және т.б. жеке сектор жобаларын іске асыруға бөлінді.