А.Мырзахметов халықты қаржыландыру жүйесін өзгертуді ұсынды

1950

Жамбыл облысында 6 айда "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында 6058 жоба жиналған.

А.Мырзахметов халықты қаржыландыру жүйесін өзгертуді ұсынды

ҚР премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек 4 шілдеге дейін "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасымен республика бойынша жиналған жобаның саны 1238-ға жеткенін айтқан болатын. Алайда, Жамбыл облысының әкімдігі маусым айында арнайы жұмысшы топтарын құрып, аудан, ауылдарды аралап осы бағдарламаның мақсатын түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Нәтежиесінде 6 мыңнан астам жоба жиналыпты.

"Осы 6 мың жобаны қаржыландыру үшін, ең үлкен мәселе осы қаржыландыру тетігі жобасы. Екінші деңгейдегі банк ауылды жерге бармайды, ол белгілі. Кепілдігі, басқасы бар дегендей. Осыған қатысты біз ұсыныс енгізбекшіміз. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияға кезінде 2012 жылы моноқалаларды дамытуға қатысты рұқсат берген. Бюджеттен кредит беріп, соны ары қарай қаржыландыру мәселесінде. Сол сияқты біз, осы қарапайым заттар экономикасына қатысты бюджеттен кредит бере отырып, жаңағы айтқан 6 мың жобаны қаржыландыруға әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияға осындай құқық берсек. Ол үшін өңірлік бағдарламаға өзгеріс енгізу керек, үкіметтің шешімі керек бар болғаны. Сол шешім болатын болса, біз осының бәрін қаржыландыруға дайынбыз",–дейді Асқар Исабекұлы.

Бағдарламаның маңыздылығын ескерген жамбылдықтар облыстық қазынадан тағы 2 миллиард теңге бөлмекші. Жамбыл облысы әкімінің айтуынша, егер 6 мың жоба қаржыландырылса, 15 мыңдай жұмыс орны ашылмақ және ол кәсіпкерлердің табысы мен салығын есептегенде ұтарымыз көп екен. Өз кезегінде үкімет басшысы Асқар Мамин бұл ұсынысты қарастыратынын мәлімдеді. 

Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу