Ә. Смайылов Жетісу облысында бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты

441

Бұл туралы inbusiness.kz. Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ә. Смайылов Жетісу облысында бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты Фото: primeminister.kz

Жетісу облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өңірдің бірқатар инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарының жұмысымен танысты.

Үкімет басшысы қалада 1981 жылдан бері жұмыс істеп тұрған "Басқуат" қазандығының жұмысын тексерді. Қуаты шамамен 200 Гкал/сағ болатын қазандық бүгінде:
- 500-ден астам көп пәтерлі және 1 000 жеке тұрғын үйді,
- 20 мектепті,
- 25 балабақшаны,
- 10 аурухананы,
- 90 әкімшілік ғимаратты жылумен қамтамасыз етіп отыр.

Сонымен қатар Талдықорғандағы құрылыс жұмыстарының қарқыны мен жыл сайынғы жүктеменің ұлғайып келе жатқанын ескере отырып, қазандық қуатын сағатына 300 Гкал-ға дейін арттыру және объектіні газға ауыстырып, жаңғырту жоспарланып отыр.

"Қазандықты газға ауыстырудың маңызы зор, бұл өнімділікті жақсартып, экологиялық мәселелерді шешуге айтарлықтай үлес қосады. Облыс әкімдігі жоба бойынша жұмысты жеделдетуі керек. Үкімет өз тарапынан қажетті көмек көрсетеді", — деді Үкімет басшысы.

Одан кейін Премьер-Министр кабельдік-өткізгіш өнімі түрлерін шығаратын "Талдықорғанкабель" кәсіпорнының жұмысымен танысты. Зауыт өз өнімдерін Қазақстанның барлық өңірлеріне, сондай-ақ Әзербайжан, Қытай, Қырғызстан, Польша, Ресей, Өзбекстан және басқа да бірқатар елге шығарып отыр.

Талдықорғандағы шағынаудандардың бірінде Әлихан Смайылов халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар үшін салынған 60 пәтерлік тұрғын үйді аралап көрді. Үкімет басшысы 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыста құрылыс жұмыстарының көлемі 4% астам өскенін атап өтті.

Сапар барысында Үкімет басшысы Ақшатоған ауылындағы жаңа фельдшерлік-акушерлік пунктің жұмысымен танысты. Онда биылғы қаңтар айынан бастап жергілікті тұрғындар медициналық көмек пен екпелердің негізгі түрлерін ала алады.

Алдағы үш жылда өңірде тағы 118 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны, оның ішінде "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 59 медициналық нысан ашу жоспарланып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу