Атаулы әлеуметтік көмектен үмітті адамдарға сапалы қызмет көрсетіп, ретсіз кезек пен дүрбелең туғызбау қажет. Түркістан облысына барған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов өңірдегі сала басшыларына осындай нұсқау берді. Минстрліктің ресми сайтында аталмыш сапар туралы ақпарат жарияланды.
Түркістан, Кентау қалаларының халықты жұмыспен қамту орталықтарына бас сұққан министр әлеуметтік өтемдер тағайындау барысында елдің жүйкесін салмақ түсірмей жұмыс істеу қандай шаралар атқарылуы керектігіне тоқталған.
"Біріншіден, азаматтарға АӘК тағайындау үшін құжаттарды қаңтар айының соңына дейін тапсыруға болатындығын және ақпан айына дейін барлық критерийлерге сәйкес келетіндердің барлығы атаулы әлеуметтік көмек алатындығын түсіндіру керек. Азаматтарға дүрбелең мен жаппай кезек құрудың қажеті жоқ, өтініш беруге тағы жарты ай бар", – деді ол кездесулердің бірінде.
Біржан Нұрымбетов жұмыспен қамту бөлімдеріне халық жаппай жүгінген жағдайда жүкті және нәрестелі әйелдердің құжаттарын қабылдайтын жеке қызметкерлер бөлу қажет болатынын ескертті.
"Қазіргі уақытта Біржан Нұрымбетовпен қатар вице-министрлер де ел ішінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде", – делінген министрлік сайтында.