Абаев Тараздағы оқиғаға байланысты пікір білдірді

1562

Министр балалардың қауіпсіздігі мәселесінде мұғалімдер мен вахтерлердің ғана емес, барлық азаматтардың қырағы болуы маңызды екенін айтты.  

Абаев Тараздағы оқиғаға байланысты пікір білдірді

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Тараздағы оқушыны зорлау оқиғасы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Бұл шын мәнінде тым ауыр, арсыз әрі өрескел қылмыс. Кінәлі адам заң бойынша жазасын өтейді. Енді, ең бастысы – зардап шеккен баланың оңалту курсынан өтіп, қалыпты өмірге оралғаны", – деді министр "Хабар" арасындағы "Открытый диалог" бағдарламасында.

Сонымен бірге, ведомство басшысы зорлық-зомбылық статистикасын келтірді.

"Мұндай қатігез оқиғалардың алдында кез келген стастиканың мәні жоғалады. Дегенмен, Ішкі істер министрлігінің деректеріне сәйкес, соңғы 5 жылда кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты қылмыс саны 4 есеге азайған. Әрине, бұл мектептегі балалар қауіпсіздігін ұмыт қалдыру деген сөз емес. Бүгінде еліміз бойынша 2 мың мектеп инспекторы жұмыс істейді және барлық білім ошақтары олардың жұмыс сапасына мән беруі тиіс. 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін барлық білім беру нысандары бейнебақылау жүйесімен жабдықталады. Таразда бұл қылмыстың алдын ала алмады, бірақ бұл қауіпсіздік үшін өте қажетті құрал, оған ешкімнің таласы жоқ", – деп түсіндірді Дәурен Абаев.

Еске сала кетсек, полицейлер 15 қарашада Тараз қаласында кәмелетке толмаған қызды зорлаған 38 жастағы күдіктіні ұстады. Оқушы қызды зорлау оқиғасы мектеп әжетханасында болған.

Осы оқиғадан кейін Жамбыл облысындағы барлық білім ордаларындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Ал, зардап шеккен оқушы ауруханаға жатқызылды.

Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыруымен Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев қызметінен босатылды.

ҚР БҒМ оқиға болған мектеп директоры, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, физика пәні мұғалімі және вахтердің қызметінен босатылғанын жеткізді. Сонымен қатар, Жамбыл облысы Білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмағанбетова өз еркімен жұмыстан кетіп, бірқатар жауапты полиция қызметкерлеріне қатаң сөгіс беріліп, учаскелік инспектор ішкі істер органдарынан шығарылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу