Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры Түркияның Аспендос қаласында өткен XXXIII халықаралық опера және балет фестивалінде өнер көрсетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстандық ұжым әйгілі антикалық театр сахнасында Арам Хачатурянның "Спартак" балетін ұсынды. Қойылымды 30 мың көрермен тамашалады.
"Спартак" балетін хореограф Заурбек Райбаев қойған. Театр фестивальге Түркияның Мемлекеттік опера және балет театрлары бас басқармасының шақыруымен қатысты.
Басты партияларды Архат Әшірбек, Айман Егісбаева, Сырым Аюпов және Жанель Түкеева орындады. Қойылымға театрдың балет әртістері мен Нұржан Байбусинов жетекшілік еткен симфониялық оркестр қатысты.
Заурбек Райбаевтың "Спартак" балеті оның шығармашылық жолындағы маңызды қойылымдардың бірі саналады. Қойылым бүгінде Абай атындағы театрдың репертуарында сақталған.