Абай Құнанбайұлының аты берілетін көшені абаттандыру тапсырылды

1273

Өңір әкімі көшені ғана көріктендіріп қоймай, мұнда орналасқан үйлердің сыртқы келбетіне де мән беру керектігін айтты. 

Абай Құнанбайұлының аты берілетін көшені абаттандыру тапсырылды Фото: Валерий Бугаев

Биылғы жылы Павлодар қаласында 36 көшеге асфальт төселетін болады. Қала әкімі Қайрат Нүкеновтің айтуынша, бұл жұмыстарға 1,2 миллиард теңге қарастырылған.

Сонымен қатар, Амангелді және Димитров көшелерін кеңейту жоспарланып отыр. Амангелді көшесі 1 май көшесінен Назарбаев даңғылына дейін, Димитров көшесі Қамзин көшесінен Павлов көшесі аралығында кеңейетін болады. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Павлодарда ақынның аты берілген көшені абаттандыру жоспарланып отыр.

"Көшені ғана көріктендіріп қоймай, мұнда орналасқан үйлердің сыртқы келбетіне де мән беру керек. Ол үшін әр үй иесімен жеке сөйлесіп, осы мәселені талқылау қажет. Тұрғындар өз үйлерінің қақпасы, қоршауы, шатырларын жөндеулері қажет. Бір айдың ішінде Абай көшесін көріктендіру жұмыстары бойынша нақты концепция құрылуы қажет",– деді қалалық әкімдікте өткен жиында аймақ басшысы Болат Бақауов.  

Сонымен бірге, Павлодар облысының әкімі қаланы жарықтандыру мәселесін шешуді жүктеді. Ол осы мақсаттарға қажетті қаражатты тауып беруге уәде берді. Алдын ала есептулер бойынша қала көшелеріне жарық шамдарын орнатуға 1 миллиардтан астам қаржы керек.

"Өкінішке қарай, облыс орталығын абаттандыру тек бюджет пен демеушілер қаржысының есебінен жүргізіліп отыр. Кәсіпкерлер бұл жұмыстарға мүлдем қатыспайды. Әр бизнесмен өз кәсібін ашқан аумақта, мейлі ол, жанар-жағармай станциясы, дүкен немесе жеке ауласы болса да, ол жерді көріктендіруге ат салысуы керек. Осы мәселе бойынша әр кәсіпкермен жеке сөйлесу қажет",– деді Болат Бақауов.

Облыс әкімі теміржол бекеті мен вокзал маңындағы алаңның жағдайына назар аударды. Ол "қала қақпасын" тиісті қалыпқа келтіру қажеттігін айтты.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу