ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ҚР Үкіметінің отырысында Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көрсетілетін арнайы әлеуметтік қызметтер туралы айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Оның айтуынша, бүгінгі күні еліміз бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер 41 дағдарыстық орталықта көрсетіледі, оның 14-і мемлекеттік, 27-сі мемлекеттік емес.
"Бұл орталықтар Абай және Алматы облысын қоспағанда, республиканың 18 өңірінде жұмыс істейді. Абай және Алматы облыстарында дағдарыс орталықтарын құру қажеттілігі бар. Орталықтарды ұстау жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Бөлінген қаражат көлемі шамамен 1,4 млрд теңгені құрайды. Орталықтарда зардап шеккендерге қызметтер тәулік бойы 6 айға дейін немесе күндізгі уақытта тәулігіне алты сағат мерзімде көрсетіледі. Жыл басынан бері орталықтар 3 975 адамды қамтыды", – деді министр.
Сонымен қатар ол бірқатар өңірде әлеуметтік қызмет көрсету дамымағанын атап өтті.
"Павлодар, Ақмола, Қарағанды және Қостанай облыстарын қоспағанда, өңірлерде дағдарыс орталықтарының желісі дамымаған. Орталықтардың орналасқан жері зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі үшін қолжетімді емес", – деді министр.