Абай облысы Абыралы ауылында белгісіз індеттен ірі қара қырылып жатыр. Малдың аузынан сілекей ағып, құлағы ісіп, шөп жемейді.
Абыралы ірі қара малымен күн көріп отырған ауыл. Індет тараған екі айдан бері малшылардан маза кетіп, өрістен өлексе теріп жүр. Өлген малдың саны да күн санап артуда. Тексеру жүргізу үшін, Семейден арнайы комиссия келіп, торпақтардан сынама алған.
– Айдың басында "Санжар" шаруа қожалығының ауырған малдарынан сына алынды. Сынама қортындысы бойынша "пастерелез" деген диагноз қойды. Қазіргі ірі қаралар карантинге жабылды. Аталған қожалықтан 15 бас мал өліді, оны арнайы апарып көмдік. Жағдайды толық бақылап отырмыз. "Қызылтас" қожалығынан 30 бас бұзау ауырып тұр. Кеше мамандар сынама алып кетті. Нәтижесі бірнеше күнде шығады, – дейді Абыралы ауылының әкімі Ұлан Мұқажанов.
Ауыл әкімінің берген сандық мәліметтерін "Санжар" шаруа қожалығының иесі жоққа шығарды. Өлген мал 15 бас емес, 26 бас болып шықты. Сонда әкім жағдайды толық білмей ме?
– Бүгінге дейін менің өзімнен 26 бас мал өлді. Тағы 7-8 ауырып тұр. Семейден келіп екі рет сынама алды. Екеуінде де "Пастереллез" деп диагноз қойды. Ауру маусым айының басынан басталды. Күніне 4-5 бас арам қататын болды. Көрші қожалықтан да ауру шығып жатыр, – дейді "Санжар" шаруа қожалығының иесі.
Шараулардың айтуынша әсіресе бұзау, торпақтар өліп жатыр. Мал иелері мамандардың дертке қойған диагнозымен келіспейді. Өйткені ауру белгілер басқа.
– "Пастереллез" болуы мүмкін емес. Ауырған малдың кейбірі өзімізге тап беруде. Міне, айдап келе жатқан сиыр өзімді сүзді. Қолымды сындырды. Басыма да зақым келді. Сегіз күн ауруханада жатып, алдың күні шықтым", – дейді Абыралы ауылының тұрғыны Рымбек Ағыбаев.
Мал иелерінің бар үміті мамандарда. Егер белгісіз індеттің диагнозын дұрыс табылмаса, онда қоралары бос қалуы әбден мүмкін.
Таунар Қайратұлы