Абай облысына жұмыс сапары аясында бүгін "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов Аягөз қаласындағы вокзал құрылысының барысымен танысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл вокзал 1930 жылдан бастап жұмыс істеді және техникалық тексерудің қорытындысы бойынша мамандар тарапынан апатты деп танылды. Сонымен вокзалдың жалпы ауданы шамамен 800 шаршы метрден 1300 шаршы метрге дейін ұлғайтылады. Жолаушылар ағыны тәулігіне 1200 адамды құрайды.
Талғат Алдыбергенов объектідегі жұмыс қарқынын жеделдетуді, іске асыру мерзімдерінің сақталуын қамтамасыз етуді және қажетті еңбек ресурстары мен арнайы техниканы қосымша тартуды тапсырды.
Жалпы Абай облысында 10 теміржол вокзалы: Семей және Аягөз қалаларында, сондай-ақ Ақтоғай, Дегелен, Шар, Үшбиік, Жарма, Ауыл, Белағаш және Жалаңашкөл станцияларында толық жаңғыртылуда.
Жұмыстарды орындау кезінде мердігер ұйымдарға аймақтың тарихи келбеті мен архитектуралық ерекшелігін сақтау тапсырылды. Жұмыстар жайлылық пен қауіпсіздікке баса назар аудара отырып жүргізілуде: ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін жетілдірілген навигациясы бар заманауи күту залдары мен кедергісіз орта құрылуда.