Абай облысының полицейлері көшені белгіленбеген жерлерден өткені үшін 259 адамды анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Абай облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
"Құқық бұзушыларға ҚР ӘҚБтК 615-бабы бойынша “Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы” бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл бұзушылық үшін қазақстандықтарға 2 АЕК немесе 2024 жылға 7 384 теңге айыппұл көзделген. Ал бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 10 АЕК немесе 36 940 теңге", – делінген хабарламада.
Осыған байланысты, жазатайым оқиғалардың алдын алу және жолын кесу мақсатында полиция қызметкерлері профилактикалық сипаттағы белсенді жұмыстарды тұрақты негізде жүргізеді.
Сонымен қатар, Абай облысының полицейлері қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды, мұқият болуды және жолды тек белгіленген орындарда өту қажеттігін еске салады.