Абай облысында медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін 65 нысанның құрылысы толық аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Вице-министрдің айтуынша, еліміз бойынша 813 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілген. Оның 655-і ұлттық жоба аясында салынған.
Жұмыс сапары барысында Тимур Мұратов Аягөз аудандық орталық көпбейінді ауруханасына барып, магниттік-резонанстық томография бөлімшесінің жұмысымен танысты. Сондай-ақ аудан тұрғындарымен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке қабылдады.
Кездесу кезінде вице-министр ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасып жатқанын айтты. Оның сөзінше, аудандық ауруханаларды көпбейінді ауданаралық медициналық мекемелерге айналдыру жоспары жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде шамамен 4 миллион ауыл тұрғыны үшін жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Шара барысында халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері де таныстырылды
"2025 жылы күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жетті. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы тарихи ең жоғары көрсеткіш. Абай облысында бұл көрсеткіш 74,87 жасты құрады", – деді вице-министр.
Сондай-ақ ол нәресте өлімінің төмендегенін айта кетті.
"2025 жылдың қорытындысы бойынша нәресте өлімі 14%-ға төмендеп, 1000 тірі туған нәрестеге шаққанда 5,85 жағдайды құрады. Абай облысында төмендеу 25,6%-ды құрап, 1000 тірі туған нәрестеге шаққанда 5,32 жағдай болды", – деп толықтырды Тимур Мұратов.
Кездесу барысында тұрғындар медициналық көмектің қолжетімділігі, медициналық кадрлармен қамтамасыз ету, дәрі-дәрмекпен қамту және денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту мәселелерін көтерді. Азаматтардың сауалдарына түсініктемелер беріліп, жекелеген өтініштер жауапты мекемелердің бақылауына алынды.
Сондай-ақ жеке қабылдау кезінде аудан тұрғындары жергілікті жерлерде медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыруға қатысты бірқатар әлеуметтік маңызы бар мәселелерді жеткізді.