Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жалған сертификаттарды пайдаланып, 68 мың тоннадан астам құмды заңсыз қазып, оны саудалаумен айналысқан топ анықталды. Жер қойнауына келтірілген залал елеулі деп танылды.
– Қылмыстық әрекетті әшкерелеуге заманауи цифрлық технологиялар қолданылған. Дрон арқылы әуеден бақылау жүргізіліп, заңсыз қазба жұмыстарының нақты координаттары анықталған. Сонымен қатар, "Сергек" автоматтандырылған жүйесі арқылы құмның бастапқы орны мен жеткізілу бағыты толық бақылауға алынған, – деп жазды бақылаушы органнан.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде заңсыз кәсіпкерлік әрекетке тосқауыл қойылып, кінәлі тұлғалар Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы, 218-бабы 1-бөлігі, 334-бабы 3-бөлігі 3-тармағы және 386-бабы 2-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды.
Сот екі адамды қылмыстың құралы болған екі тиегішті тәркілей отырып, бас бостандығынан айыру жазасына кескен.
Сондай-ақ мемлекетке келтірілген 272 миллион теңгеден астам залал өндірілді. Жалпы құны 144 миллион теңге болатын мүлікке тыйым салынған.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.