Кәсіпорын тәулігіне 200 тоннаға дейін тазартылған өсімдік майын өндіруге мүмкіндік береді. Жобаны жүзеге асыруға 8,4 млрд теңге инвестиция салынған.
Зауыттың ашылу рәсіміне Абай облысының әкімі Берік Уәли, ҚР Бас прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы, облыс прокуроры Нұрсұлтан Рақышев, мемлекеттік органдардың өкілдері, инвесторлар мен кәсіпкерлер қатысты.
Өңдеу өнеркәсібін дамыту – өңір экономикасының басым бағыттарының бірі. Жаңа өндіріс орны азық-түлік өнеркәсібінің әлеуетін арттырып, жергілікті өндіріс көлемін ұлғайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар кәсіпорында 104 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Жоба аясында өсімдік майын тазарту, қаптау және құюға арналған өндірістік инфрақұрылым жаңғыртылды.
Облыс әкімі Берік Уәлидің айтуынша, соңғы бір жарым жылда өңірдегі инвестициялық жобалардың жалпы құны 2,2 трлн теңгеден 5,4 трлн теңгеге дейін өскен.
"Жаңа цехтың іске қосылуы өңдеу өнеркәсібін дамытуға, отандық дайын өнім көлемін арттыруға және ішкі азық-түлік нарығын сапалы өніммен қамтамасыз етуге үлес қосады деп сенемін. Облыс әкімдігі өндірісті өркендетуге бағытталған бастамаларды қолдап, инвесторлармен бірлескен жұмысты жалғастыра береді. Басты мақсатымыз – жаңа кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуіне және өңір экономикасына нақты үлес қосуына жағдай жасау", – деді Берік Уәли.
Ал Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы инвестициялық жобаларды сүйемелдеу инвесторлардың заңды мүдделерін қорғап қана қоймай, аймақтың экономикалық дамуына да серпін беретінін атап өтті.
Оның мәліметінше, бүгінде комитет республика бойынша 3,5 мыңнан астам инвестициялық жобаны сүйемелдеуде. Ал Абай облысында прокуратураның қолдауымен 110 жоба жүзеге асырылып жатыр.
"Біздің міндетіміз – инвесторлардың заңды құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді дер кезінде жою және жобалардың іске асуына кедергі келтіретін мәселелерді шешуге ықпал ету. Әрбір инвестициялық жоба нақты нәтижеге бағытталып, салынған қаражат экономиканы дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қызмет етуі керек", – деді Бауыржан Ералы.