Абай облысында 9 мыңға жуық оқушыға орын жетіспейді

542

Бірінші сыныпқа келген оқушылар саны екі есеге артқан. 

Абай облысында 9 мыңға жуық оқушыға орын жетіспейді Фото: inbusiness.kz

Абай облысы Шығыс Қазақстаннан бөлініп, дербес облыс болғаннан кейін мектептерде оқушылар саны күрт көбейген. Қазір 9 мыңға жуық оқушыға орын жетіспейді.

Облыс орталығы Семей қаласында 912 орынға арналған мектепте 1843 оқушы білім алып жатыр. Бұл қаладағы алдыңғы қатардағы білім ордаларының бірі саналатын №6 мектеп гимназиясы.

Мектеп директорының сөзіне сүйенсек, оқу ғимарат балет мектебі ретінде 1984 жылы бой көтерген екен.

- 1988 жылы біздің мектеп осында көшіп келді. Себебі оған дейінгі нысан апаттық жағдайда деп танылды. 2010 жылы білім ордасына гимназия статусы берілген. Қайым Мұхамедханов көшесінде орналасқан мектебімізге оқушылар қаланың түкпір-түкпірінен келіп оқиды. Сол үшін балалар сыймай жатыр. Кабинеттердің іші тым тар. Ғимарат алғаш мектеп ретінде салынбағандықтан аядай бөлмелерде екі ғана терезе бар, - деді білім ордасының директоры Майра Ахметова.

Мектеп басшысы аймақта биыл бірінші сыныпқа келген оқушылар саны екі есеге артқанын айтуда.

- Биыл бірінші сыныпқа 150 оқушының орнына 283 бала қабылданған. Гимназия болған соң осында білім алуға құлшыныс танытатындар жылдан-жылға көбейіп келеді. Бізде білім сапасы өте жоғары. Жаңа облыс құрылғаннан кейін қалаға жан-жақтан түрлі мамандар көшіп келуде. Олар да балаларын мектебімізге беруге ниет білдіруде. Сондықтан бізге жаңа мектеп салынса деген тілегіміз бар, - деді Майра Ахметова.

Жаңа облысқа оралғандар саны келер жылы да көбеймесе, азаймақ емес. Ол үшін тағы қосымша мектеп ғимараттары керек. Абай облысының әкімдігі 2025 жылға дейін 11 мектеп салынатындығын айтты.

- 2025 жылға дейін Абай облысында 11 мектеп салынады. Ол 5 мыңнан аса оқушыны қамтиды. Қосымша 4 мың орынға оқу ғимаратын саламыз. Олардың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр, - деп хабарлады өңір әкімдігінің баспасөз қызметі.

Облыстық білім бөлімінің мәліметінше, бүгінде қала бойынша барлығы 68 мектеп бар. Оның ішіндегі 23 мектепте 5956 оқушыға орын жетіспеушілігі сезілуде. Алдағы 3 жылда 3600 орындық 5 мектеп салу жоспарланып отыр. Жаңа үйлер бой көтеріп жатқан "Қарағайлы" шағын ауданында екі мектеп салынбақ. 1200 орындық бір мектеп 2024 жылы, 900 орындық білім ордасы 2025 жылы бой көтереді.

Облыс жаңадан құрылғаннан кейін маман жетіспеушілігі туындайтыны заңдылық. Ал жас отбасыларды шақыру үшін білім ошағының болуы тіптен маңызды. Десек те, айтылған сөз бен берілген уәденің орындалуы алдағы уақыттың еншісінде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу