Абай облысында 20 мыңға жуық адам баспана кезегінде тұр. Бұл туралы аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Облыста тұрғын үй кезегінде 20 мыңға жуық адам тұр, оның ішінде Семейде 14 мың адам. Көпбалалы отбасылар – 2 784 адам. Жалпы ауданы 246,9 мың шаршы метр болатын 39 көппәтерлі және жеке тұрғын-үйлер құрылысы жүргізіліп, 2 100 отбасын үймен қамту көзделіп отыр. Алдағы үш жылда тағы 148 көпқабатты тұрғын үй (шамамен 694 мың шаршы метр) салу жоспарланған", – деді облыс әкімі.
Нұрлан Ұранхаевтың сөзінше, бұл 7 мыңдай отбасын баспанамен қамтуға мүмкіндік береді.
"Келесі мәселе – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек беру. 765 баланың 538-і қамқорлықта болса, 227-сі мекемелерде тәрбиеленуде. Негізгі мәселе – баспана. Бұл санат бойынша кезекте тұрғандар саны – 2 760 адам. Оның 1 778-і Семейде. Облыс құрылған екі жыл ішінде 199 жетім бала пәтер алды. Біз өткен жылдан бастап облысымызда "Мейірім" акциясын ұйымдастырдық. Мақсаты – жетім балаларға материалдық қолдау көрсету. Әр балаға "Отбасы банкінде" жеке шот ашылды. Барлық бала ұйымдар мен кәсіпорындарға бекітіліп, қамқорлыққа алынды. Оның сыртында, әр ниет білдіруші атаулы шотқа қаржы аудара алады. Бір ғана шарт – жиналған қаржыны 21 жасқа толғаннан кейін, яғни оң-солын таныған соң ғана пайдалануға болады", – деді Абай облысының әкімі.