"ЖЭО-1" қаладағы 389 көп қабатты тұрғын үйді, 51 әлеуметтік нысанды, 60 бюджеттік ұйым мен 632 коммерциялық кәсіпорынды жылумен қамтамасыз етеді. Жалпы абоненттер саны – 24 463, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жылу орталығында 5 ірі қазандық жұмыс істейді. Оның төртеуі негізгі, біреуі қосымша қазандық ретінде пайдаланылады. Биыл мұндағы бірнеше қазандықтарда ауа қыздырғыштары, көмір жүретін құбырлар толық ауыстырылып, экранды құбырлар жаңартылды.
"ЖЭО-1" бастығы Алмас Күзкеновтың айтуынша, су жүйесінде де ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұған дейін Ертістен алынған су алдымен химиялық тазартудан өткізіліп, содан кейін күшейту үшін сорғылар арқылы жіберілетін. 1960 жылдардан бері жұмыс істеп тұрған сорғы қондырғылары биыл толық ауыстырылды. Көмір қоры да жеткілікті, қазіргі уақытта қоймада 74 мың тонна тұр.
Қазіргі таңда облыстың барлық қала және аудандарында жылу көздері іске қосылып, абоненттерді жылумен жабдықтауға кезең-кезеңімен қосу басталды. Әлеуметтік нысандарға бірінші кезекте жылу беріліп, барлық нысандарды толық қосу 5 қазанға дейін аяқталады.
Биыл Үкімет резерві мен облыстық бюджет есебінен Семей қаласындағы жылу электр орталығы мен Аягөз қаласындағы "Орталық" қазандығында, жылу желілерінде жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жарма ауданы Шуақ ауылындағы қазандыққа жөндеу жүргізілді.