Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте "Ауыл аманаты" бағдарламасының іске асырылу барысы талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаевтың мәліметінше, бағдарлама аясында облыстың 10 ауданына қарасты 138 ауылдық округте скрининг жүргізіліп, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті айқындалған. Нәтижесінде барлық ауылдық округ 2025 жылғы несиелеу бағдарламасына енгізілген.
Өткен жылы жобаға 1 млрд теңге бөлінсе, қазіргі таңда жалпы сомасы 863,8 млн теңгеге 48 өтінім қабылданып, 534,4 млн теңгеге 25 жоба қаржыландырылған.
Бағдарлама аясында сүт, ет және көкөніс өнімдерін өндіру, сақтау және қайта өңдеу жобаларына басымдық берілуде. Сонымен қатар биыл өңірге қосымша 4,5 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.
Кеңес қорытындысында облыс әкімі Берік Уәли жауапты мекемелерге бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін қамтамасыз етіп, 2026 жылға арналған жобалар пулын қалыптастыру және түсіндіру жұмыстарын күшейту жөнінде тапсырмалар берді.
"Абай облысында ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу, қызмет көрсету және басқа да бағыттарды дамытуға қажетті әлеует жеткілікті. Сондықтан біз үшін жобаны сапалы іске асыру, жеңілдетілген несиелердің мақсатты әрі тиімді игерілуін қамтамасыз ету, жаңа кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және тұрақты жұмыс орындарын құру ерекше маңызға ие. Біздің басты мақсатымыз – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, олардың тұрақты табыс көздерін қалыптастыру арқылы ауылдық елді мекендердің орнықты дамуын қамтамасыз ету", – деді Берік Уәли.