Полиция мәліметінше, алаяқтар азаматтарды оңай табыс табуға шақырып, банк карталарын немесе шоттарын пайдалануға беруді ұсынады. Сондай-ақ өз шотына түскен ақшаны басқа есепшоттарға аударғаны үшін сыйақы төлеуге уәде етеді.
Алайда мұндай ұсыныстардың артында қылмыстық схемалар тұруы мүмкін. Қылмыскерлер осылайша заңсыз жолмен алынған ақшаны аударып, қолма-қол ақшаға айналдыру үшін делдалдарды пайдаланады. Олар дропперлер деп аталады.
Құқық қорғау органдары күмәнді қаржылық операцияларға қатысу заң алдында жауап беруге әкелетінін ескертеді.
Полиция азаматтарға банк карталарын, жеке деректерін және SMS арқылы келетін растау кодтарын бөгде адамдарға бермеуге кеңес береді. Сондай-ақ бейтаныс адамдардың ақшасын сыйақы үшін аударуға келіспеу қажеттігін атап өтті.
"Егер банк шотыңыз заңсыз операцияларға пайдаланылып жатқанын байқасаңыз немесе оған қолжетімділікті басқа адамға беріп қойған болсаңыз, дереу банкке және 102 нөмірі арқылы полицияға хабарлаңыз", – делінген хабарламада.
Мамандар қаржылық қауіпсіздікті сақтау үшін банк шоты мен мобильді банкингке қолжетімділікті ешкімге бермеуге шақырады.