Абай облысында М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің 120 жылдық мерейтойына орай "Қаражыра" АҚ демеушілігімен салынған жаңа студенттер орталығының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Жаңа ғимарат студенттер кампусының ортасында орналасқан және заманауи жабдықтармен қамтылған.
"ЕС-АЙМАҚ" рухани орталығында 500 студентке арналған 7 арнайы кабинет пен зал бар. Жаңа ғимараттың негізгі мақсаты – колледж студенттері мен Семей қаласының тұрғындарына арналған мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу.
Жаңа ғимаратта 300 орындық концерт залы болады, ол заманауи LED экранмен, жарық және дыбыс құрылғыларымен, автоматтандырылған сахналық механизмдермен, сонымен қатар ыңғайлы орындықтармен жабдықталған. Сондай-ақ, ғимаратта ауаны тазартатын интеллектуалды заманауи желдеткіш және салқындату жүйесі орнатылған. Ғимарат оқу корпусы мен жатақхана арасын өткелдер арқылы байланыстырады.
Құрылыс Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев пен "Қаражыра" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Джуманбаевтың бастамасымен бизнестің өңірлерге әлеуметтік қолдау көрсету аясында жүзеге асты.
"Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шәкен Аймановтар мен басқа да біртуар тұлғаларымыз оқып, білім алған бұл жердің орны ерекше. Өнерлі ұл-қыздарымыз Егемендігіміздің баянды, тәуелсіздігіміздің табанды болуына, ұлтымыздың рухани қуаттылығын арттыруға үлес қосатын білімді ұрпақ болып өссін!", – деді облыс әкімі.
Абай облысының білім басқармасына қарасты М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі мерейтойына арналған мерекелік іс-шаралар 28 қыркүйекке дейін жалғасады. Мерекелік бағдарламада халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, семинар-практикум, фото көрме, мұрағаттық құжаттар көрмесі ұйымдастырылған, сондай-ақ, колледждің танымал түлектері мен оқытушыларына арналған тақырыптық оқу кабинеттері ашылады.