Абай облысында қағаз қалдықтарын қайта өңдеуге арналған екі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жобалар Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен "Жасыл даму" АҚ арқылы іске асырылуда. Олар қайталама шикізат айналымын ұлғайтуға, полигондарға түсетін жүктемені азайтуға және отандық өндірушілерді қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге бағытталған.
Сол жобалардың бірі – "Казлеспром LTD" ЖШС кәсіпорны. Оның жылдық қуаты 2 534 тонна қағаз қалдығын қайта өңдеуге жетеді. Жобаның құны – 316,7 млн теңге.
Қазір нысан бекітілген кестеге сәйкес іске асырылып жатыр. Кәсіпорынды газ және электр желілеріне қосу жұмыстары жүргізілуде. Нысанды биыл қыркүйекте пайдалануға беру жоспарланған.
Екінші жобаны "ВостокГофротара" ЖШС жүзеге асыруда. Кәсіпорын жылына 15 мың тонна қағаз қалдығын қайта өңдей алады. Жобаның құны – 2 млрд теңге.
Бөлінген қаражат толық игерілген. Қазір өндіруші жабдықтарды жөнелтуге дайындалып жатыр. Жобаның дайындық деңгейі шамамен 30%-ды құрайды. Жабдықтың алғашқы партиясын тамызда, екіншісін қыркүйек–қазанда жеткізу жоспарланған. Монтаждау жұмыстары 2027 жылдың бірінші тоқсанында жүргізіліп, кәсіпорынды пайдалануға беру сол жылы жоспарланып отыр.
Айта кетейік, "Жасыл даму" АҚ кәдеге жарату төлемдері есебінен жалпы құны шамамен 116 млрд теңге болатын 30 жобаны қаржыландырды. Бұл жобалар қалдықтарды қайта өңдеу көлемін арттырып, оларды көму мөлшерін азайтуға және қайталама шикізатты экономикалық айналымға тартуға мүмкіндік береді.