Су ресурстары және ирригация министрлігі Абай облысы Ақсуат ауданындағы Қарғыба өзенінің бөгетін реконструкциялау жұмыстарын қайта бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2023 жылы жобалау-сметалық құжаттары қайта қаралып, түзетулер енгізу басталды. Қазір нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Жоспар бойынша, жұмыстар келесі жылдың сәуір айының соңына дейін аяқталады.
Бүгінгі таңда үш су қақпағы мен бұрандалы көтергіштер алынып, қайта орнатылды. Бөгеттің су таситын бөлігінде арматуралық торлар толық орнатылып, бетон құю жұмыстарының 90 пайызы аяқталған. Сонымен қатар өзеннің жоғарғы бөлігі лай мен тұнбадан тазартылып, қосалқы бөгет тұрғызылып жатыр. "Қазақстан" магистральды каналының су алу нысанында да жөндеу жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр.
"Бұл жобаның мақсаты – "Жаңа-Тоған" каналына суды тиімдірек жеткізу, өзен түбіндегі лай мен шөгіндінің суға араласпауын қамтамасыз ету және балықтардың қырылуының алдын алу. Ал магистральды канал мен ондағы құрылыстарды жөндеу судың дұрыс бөлінуіне, ысыраптың азаюына және суды үнемдеп пайдалануға мүмкіндік береді", – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.