Абай облысында заңсыз құм өндіріп, 150 млн теңге тапқан 2 кәсіпкер істі болды, деп жазады inbusiness.kz сайты Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Олар 2023 жылдың қыркүйегі мен 2024 жылдың қазаны аралығында Семей қаласы аумағында лицензиясыз құм өндіріп сатқан.
Нәтижесінде, күдіктілер заңсыз түрде 68 мың тоннадан астам құм өндіріп, мемлекетке 272 миллион теңге көлемінде залал келтіріпті.
Жалған сертификаттарын пайдаланып, жеке кәсіпкерлер арқылы жоспарын жүзеге асырған. Оны сатудан түскен қылмыстық табыс 150 миллион теңгеден асты.
"Күдіктілер осы қаражаттың бір бөлігін фронтальды тиегіш сатып алуға жұмсап, қосымша 6,2 миллион теңге мөлшерінде табыс тапқан. Соттың санкциясымен күдіктілердің 181 миллион теңгеден астам сомаға бағаланған мүлкіне тәркілеу мақсатында тыйым салынды. Мүліктердің қатарында 11 автокөлік, 2 пәтер, жер учаскесі және 17 миллион теңге көлеміндегі дебиторлық қарыз бар. Іс айыптау актісін бекіту үшін прокурорға жолданды", – делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.