Абай облысында жыл басынан бері Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылудың үш жағдайы тіркелді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Олардың бірі – Бородулиха ауданының 24 жастағы тұрғыны. Көші-қон қызметінің тексерісі барысында оның Ресей Федерациясының азаматтығын алғаны, бірақ белгіленген мерзімде Қазақстан құжаттарын тапсырмағаны анықталды. Осыған байланысты азаматтың төлқұжаты мен жеке куәлігі тәркіленіп, азаматтығын жоғалту рәсімі ресми түрде тіркелді. Сонымен қатар, ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 496-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, Қазақстан аумағынан шығарылды.
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасында қос азаматтыққа заңмен тыйым салынған. Егер азамат шетел мемлекетінің азаматтығын алса, 30 күнтізбелік күн ішінде көші-қон қызметіне хабар беріп, Қазақстан құжаттарын тапсыруы тиіс. Бұл талапты орындамау әкімшілік жауапкершілікке, тіпті елден шығарылуға алып келуі мүмкін.