Абай облысындағы аудандық ауруханалардың бірі міндетті тексерістен өтпеген өлшеу құралдарын қолданған. Бұл – өлшемдердің дәлдігін қамтамасыз ету және денсаулық сақтау саласындағы талаптарды өрескел бұзу болып саналады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Медициналық жабдықты тексеру науқастардың қауіпсіздігі мен өлшеулердің дәлдігін қамтамасыз ететін аса маңызды рәсім. Бұл процедура термометрлер, тонометрлер, УЗИ аппараттары және басқа да диагностикалық құрылғылар секілді кең ауқымды құралдарды қамтиды. Тексеру барысында жабдықтың метрологиялық сипаттамалары мен қолдануға жарамдылығы анықталады, – делінген Техникалық реттеу және метрология комитеті хабарламасында.
Аталған мекеме заң бұзуды жою үшін нақты шаралар қабылдамаған. Керісінше, жалған салыстырып тексеру сертификаттарын ұсынғаны анықталды.
Сот аурухананы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бұрмалау фактілері бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді.