Орталық коммуникациялар қызметінде Абай облысының әкімі өңірдің алғашқы жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаевтың айтуынша, облыс құрылған бір жылдан артық уақыт ішінде әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан оң серпін тіркелді.
"Ай сайын, барлық индикаторлар бойынша тұрақты өсім сақталды. Мәселен, өңірдің қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 107,5%-ды құрады. Ал негізгі капиталға инвестиция 44,2%-ға өсіп, 426,2 млрд тенгеге жетті. Ал салалар бойынша: құрылыста – 141,1%, өнеркәсіпте – 106,3%, ішкі сауда – 103%, ауыл шаруашылығында 101,7% деңгейінде өсім тіркелді", – деді Абай облысының әкімі.
Жағымды динамиканың бірі айлық мәселесіне қатысты. Өңірде орташа жалақы 17,6%-ға өсіп, 292,8 мың теңгені құрады. Сонымен қатар аймақ бюджетінің кірістері 141%-ға өсіп, қазынаға 87,4 млрд теңге түссе, биыл аймақтық бюджет көлемі 419,2 млрд теңгеге жетті.