Абай облысында орташа айлық жалақы мөлшері 17,6%-ға өсті

Облыс бюджетінің кірістері 141%-ға артты.

Абай облысында орташа айлық жалақы мөлшері 17,6%-ға өсті Фото: inbusiness.kz

Абай облысында аймақ құрылған бір жылдан артық уақыт ішінде әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан оң серпін байқалады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұған статистикалық көрсеткіштер дәлел. Мәселен ай сайын, барлық индикаторлар бойынша тұрақты өсім тіркелген.

Атап айтқанда, өңірдің қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 107,5%-ды құрады. Осы тұста негізгі капиталға инвестиция 44,2% өсіп, 426,2 млрд тенгеге жеткен. 

Салалар бойынша, құрылыста – 141,1%, өнеркәсіпте – 106,3%, ішкі сауда – 103%, ауыл шаруашылығында 101,7% деңгейінде өсім тіркелді. 

Өндіріс қарқыны әлеуметтік көрсеткіштерге де оң әсерін тигізген.

"Орташа айлық жалақы 17,6%-ға өсіп, 292,8 мың теңгені құрады. Облыс бюджетінің өз кірістері 141%-ға өсіп, қазынаға 87,4 млрд  теңге түссе, биыл аймақтық бюджет көлемі 419,2 млрд теңгені құрады", – деп хабарлады Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласын қаржыландыру 2 есе артып, сумен жабдықтау нысандарын қаржыландыру 3 есе, жолдарды жөндеу 2,3 есе өсті.  Білім беру саласы бойынша шығыстар 1,2 есеге, денсаулық сақтау 2 есеге өсіп, әлеуметтік қорғау – 23%-ға ұлғайды.

Сондай-ақ, Абай облысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2023-2027 жылдарға арналған Кешенді жоспары іске асырылуда. Бұл бағыттағы инвестиция көлемі – 1,9 трлн теңгені құрайды.

Биыл 89,2 млрд теңгеге 45 жоба жүзеге асыру жоспарланған. Тиісті жұмыстар басталып, бес жылға арналған инвестициялық жобалар пулы жасақталды. Оған 8 мың жұмыс орнын қамтитын, 1,4 трлн теңгенің 44 жобасы енді.

"Биыл 600 жаңа жұмыс орны бар 3 жоба іске қосылды. Онығ құны – 19,1 млрд теңге", – деп хабарлады өңір әкімдігі.

Бұған қоса биыл агроөнеркәсіптік кешенде 5,3 млрд теңгеге 4 инвестициялық жоба іске асты. Жылдың аяғына дейін, өңдеу өнеркәсібінде бірнеде жоба іске қосылып, 150-ге жуық жұмыс орны бар ашылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу