Жас Отан қорғаушыларды айтулы оқиғамен Абай облысының әкімі Берік Уәли, Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері, қоғам өкілдері, "Жас сарбаз" әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері, сондай-ақ жастардың туған-туыстары мен жақындары құттықтады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Айтулы оқиғаның естелігі ретінде оларға "Киелі Абай елі" кітабы табыс етілді. Іс-шараның келесі кезеңі 28738 әскери бөлімінде жалғасты. Мұнда жас сарбаздар, ата-аналар және қоғам өкілдері әскери қызметшілердің күнделікті тыныс-тіршілігімен танысып, әскери техника мен қару-жарақ үлгілерін тамашалады.
Абай облысының әкімі мен Қорғаныс ведомствосы басшылығының қатысуымен өткен кездесуде әскери-патриоттық тәрбие жүйесі, Отан алдындағы міндетті орындаудың маңызы, әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында Қорғаныс министрлігі қабылдап жатқан шаралар және әскери қызметін өткерген азаматтарға ұсынылатын мүмкіндіктер туралы айтылды. Іс-шара барысында үздік әскери қызметшілерге құрмет көрсетілді.
Абай облысының әкімі Берік Уәли Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген сарбаздар мен олардың ата-аналарына Алғыс хаттар табыс етті. Сонымен қатар жауынгерлік даярлықта жоғары нәтижеге қол жеткізіп, жоғары оқу орындарында білім алуға арналған мемлекеттік гранттарға ие болған үздік әскери қызметшілерге тиісті сертификаттар табысталды.