Абай облысында сот ата-ана құқығынан айырылған әйелге 4 баласын қайтарды

491

Әйел 2023 жылы ата-ана құқығынан айырылған.  

Абай облысында сот ата-ана құқығынан айырылған әйелге 4 баласын қайтарды Фото: infoorel.ru

Бұған себеп – ата-ана міндеттерін орындамау, оның ішінде алкогольді ішімдік ішкен. Әйел адамнан алимент өндіріліп, балалар әкелерінің тәрбиесіне берілген, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, Үржар ауданының тұрғыны бұған дейін, яғни 2023 жылы жасы 2-ден 11-ге дейінгі төрт баласына қатысты ата-ана құқығынан шектелген.

Әйел алкогольдік тәуелділіктен емделіп, орнықты ремиссияға қол жеткізіп, тұрақты жұмысқа орналасқан. Осыдан кейін ол 2025 жылы сотқа ата-ана құқығын қалпына келтіру және балаларын отбасына қайтару туралы талап арызбен жүгінген.

"Анасы сүйікті балаларын өзі тәрбиелеуге мүмкіндік беруді сұрап, өмірге деген көзқарасын өзгерткенін және оларды толыққанды тәрбиелеуге барлық қажетті жағдай жасағанын атап өтті. Өз сөзін растау үшін ол мынадай дәлелдемелерді: үй жағдайының таза екендігін, азық-түлік, отын мен көмірдің барын растайтын, тұрмыстық-тұрғылықты жағдайлар қанағаттанарлық деп көрсетілген тексеру актісін, наркологиялық және психиатриялық диспансерлерде есепте жоқтығы туралы анықтамаларды, алимент бойынша берешектің жоқтығын растайтын құжаттарды, жұмыс орнынан берілген оң сипаттаманы ұсынды", – делінген сот хабарламасында.

Абай облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұл істі қарау барысында мамандардың, анасының жанында тұруды қалаған екі үлкен қызының пікірлерін, сондай-ақ әкелерінің бірінің ана махаббаты мен қамқорлығының балалар өміріндегі маңыздылығын ескерген.

Сот сондай-ақ бұрын белгіленген алименттік міндеттемелерді тоқтатты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу