Жазасын өтеушілер азық-түлік пен күнделікті қажетті заттарға терминалдар арқылы тапсырыс бере алады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Электронды дүкен – жабық цифрлық жүйе. Онда сотталғандар рұқсат етілген тауар санаттарын таңдап, қажетті өнімдерді рәсімдей алады: азық-түлік, гигиена құралдары, тұрмыстық бұйымдар және кеңсе тауарлары.
Тапсырыс терминал арқылы берілгеннен кейін дүкен қызметкерлері тауарды жинақтап, мекемеге жеткізеді. Барлық өнімдер міндетті түрде тексерістен өтеді.
– Біздің мақсатымыз – әр операция тіркелетін, жеңіл әрі ашық жүйені қалыптастыру. Алғашқы тапсырыстар қабылданып, сотталғандарға жеткізілді. Бұл – олардың күнделікті қажеттіліктерін ыңғайлы әрі қолжетімді түрде өтеуге арналған сервис. Ассортиментті де ұдайы кеңейтіп отырамыз, – деді жеке кәсіпкер Батырбек Әмірханов.
Сотталғандар да жаңа жүйенің тиімділігін атап өтті.
– Маған бәрінің әділ әрі түсінікті жүргізілетіні ұнайды: баға нақты көрсетілген, қорытынды сома бірден шығады. Интерфейс қарапайым, технологияны жақсы меңгермегендерге де оңай. Балансты нақты уақыт тәртібінде бақылауға болады. Мұндай сервистердің енгізілуі пенитенциарлық жүйені жаңғыртып, процестерді қызметкерлер мен сотталғандар үшін барынша ашық етеді, – деді сотталғандардың бірі.