Абай облысында өтіп жатқан "Қару" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында заңсыз сақталған аңшылық қаруы анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Полиция қызметкерлері Үржар ауданында 16 калибрлі "ТОЗ-63" маркалы тегіс ұңғылы қос ауызды аңшылық мылтығын және оған арналған екі оқ-дәріні тәркіледі.
Тексеру барысында қару иесінің оны ішкі істер органдарында тіркемей, заңсыз сақтап әрі алып жүргені белгілі болды. Осыған байланысты азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полицияның мәліметінше, "Қару" жедел-профилактикалық іс-шарасы 15–31 шілде аралығында өтіп жатыр. Оның мақсаты – заңсыз қару айналымының алдын алу, қаруды сақтау талаптарының сақталуын бақылау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Абай облысының Полиция департаменті азаматтарды тіркелмеген қару мен оқ-дәрілерді құқықтық жауапкершілікке тартылғанға дейін ерікті түрде тапсыруға шақырды.