Үржар ауданы екіге бөлініп, бұрынғы Мақаншы ауданы қайта қалпына келтірілмек. Сондай-ақ Семейге қарасты ауылдар Жаңа Семей ауданын құру арқылы топтастырылады. Орталығы Жоламан поселкесі болып бекітілмек. Оған қоса Бесқарағай ауданының әкімшілік-территориялық аумағына өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Аудан орталығынан алыс жатқан елді мекенді Жаңа Семей ауданы құрамына енгізу ұсынылған.
Мақаншы ауданы ширек ғасыр бойы Үржар ауданынан қарап келді. Елді мекендер орталықтан тым алыста қалып қойды. Қазір қайтадан аудан мәртебесін алатын болса, ең бастысы жергілікті халыққа өте ыңғайлы болады. Экономикалық жағынан да өңірдің әлеуеті жоғары. Туризм жақсы дамыған. Кен орны бар. Оған қоса "Бақты" кедені бар. Сондықтан аз уақыт ішінде Мақаншы ауданы аяғынан тұрып кетеді. Бұрын аудан орталығы болған кездегі әкімшілік ғимараттардың түгелі дерлік сол күйі бұзылмай сақталған. Ақжолтай жаңалықты естіген мақаншылықтардың қуанышында шек жоқ, дейді қоғам белсендісі Әбен Разуев.