Биыл бұл шараны Жарма ауданының Қалбатау ауылында өткізу қолға алынған. Оған Жарма ауданы жастарының 2023 жылғы маусымдағы ерекше белсенділігі себеп болды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
"Абай Жастары" жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген салтанатты шараға Абай облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Садырбаев қатысты.
"Бүгін міне Жарма ауданының төрінде үлкен шараның басында жиналып отырмыз. Ондағы мақсат - жаз бойы табан үзбей, маңдай термен еліміздің дамуына, көгалдануына, өсіп өркендеуіне мейлінше үлес қосқан жастарымызды ұлықтау, марапаттау. Жемісті еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін", - деді Айдар Садырбаев.
Басқарма басшысы салтанатты жиында қала, аудандардан келген бірқатар өкілдерге облыс әкімінің алғыс хаты мен бағалы сыйлықтар табыстады.
Сондай-ақ, "Жасыл ел" жастар еңбек жасақтарының алғашқы еңбек маусымындағы эко челленджге белсенді қатысқан аудандар және "Үздік сарбаз", "Үздік жасақ командирі", "Үздік акция", "Үздік іс-шара" және тағы басқа да аталым бойынша жеңімпаздар марапатталды.
Алғашқы маусымның нәтижесі бойынша "Үздік аудан" аталымын – Абай ауданы, "Үздік қала" аталымын – Курчатов қаласы және "Үздік штаб" аталымын Үржар ауданының сарбаздары иеленді.
Жалпы, "Жасыл ел" бағдарламасы аясында биыл өңірде 700-ге жуық жас жұмысқа орналасты.
Салтанатты жиын мәдениет саласы үздіктерінің қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты.