Абай облысында мас күйінде көлік жүргізушілерін анықтау және жауапкершілікке тарту жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әрбір анықталған дерек медициналық куәландыру нәтижелерімен расталып, іс материалдары сотқа жолданады.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері өңірде алкогольдік масаң күйде көлік басқарудың 428 дерегі тіркелген. Оның ішінде соңғы бір аптада өткен жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында 35 құқық бұзушылық анықталған.
Соңғы оқиғалардың бірі Семей қаласында болды. Полиция қызметкерлері Lada 11183 автокөлігін басқарған 39 жастағы жүргізушіні тоқтатқан. Ер адамға алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйін анықтау үшін медициналық куәландырудан өту ұсынылғанымен, ол заңды талапты орындаудан бас тартқан.
Нәтижесінде жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, іс материалы сотқа жолданды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, медициналық куәландырудан бас тартқаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу және 8 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған.
Полицияның мәліметінше, заңнаманың қатаңдатылғанына қарамастан, кейбір жүргізушілер әлі де өз өмірі мен өзге жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіруде.
Осыған байланысты Абай облысының Полиция департаменті азаматтарды мас күйінде көлік тізгініне отырған адамдарды байқаса, бұл туралы дереу полицияға хабарлауға шақырды. Ведомствоның атап өтуінше, мұндай хабарлама жол-көлік оқиғасының алдын алып, адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.