Абай облысында жылыту маусымына дайындық 73 пайызға жетті

308

Қазір 17 жылу көзінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.  

Абай облысында жылыту маусымына дайындық 73 пайызға жетті Фото: gov.kz

Абай облысында 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазіргі таңда өңірдің жалпы дайындығы 73%-ды құрайды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21 пайызға жоғары.

Бұл мәселе облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте қаралды.

Биыл жылу инфрақұрылымын жаңғыртуға 14,5 млрд теңге бағытталған. Қазір 17 жылу көзінде күрделі жөндеу, 32 нысанда ағымдағы жөндеу және 38 шақырымнан астам жылу желісінде жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Негізгі жұмыстар Семей қаласында атқарылуда. Мұнда жалпы құны 14,2 млрд теңге болатын 32 жоба іске асырылып жатыр. Күрделі жөндеу жоспарланған 13 жылу көзінің 8-інде жұмыс аяқталған, ал ағымдағы жөндеу жоспарланған барлық нысанда жұмыстар толық орындалған.

Семей қаласы мен Шүлбі кентін жылумен қамтитын "Теплокоммунэнерго" кәсіпорнына биыл жылу жүйесін жаңғырту үшін 5,877 млрд теңге бөлінді. Қаражат есебінен 21 жылу көзінің 12-сіндегі 19 қазандыққа күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.

Қазіргі таңда 21 жылу көзінің 16-сы толық дайын. Сонымен қатар 38 шақырым жылу желісінің 22,4 шақырымы жаңартылды. Жұмыстар толық аяқталғаннан кейін желілердің тозу деңгейі 58,2%-дан 54,1%-ға дейін төмендейді.

Жылыту маусымына қажетті көмір қоры да қалыптастырылып жатыр. Облыстың жалпы қажеттілігі 1,2 млн тоннаға бағаланады. "Қаражыра" АҚ-мен келісім жасалып, көмір жеткізу 20 тамыздан басталады деп жоспарланған.

Облыс әкімі жылу нысандарындағы жөндеу жұмыстарын жеделдетіп, барлық нысанды белгіленген мерзімде дайындауды және көмір қорын толық қалыптастыруды тапсырды.

"Көріп отырғанымыздай, облыс бойынша белгілі бір жұмыстар атқарылып жатыр. Алайда бізді жалпы пайыздық көрсеткіш емес, әрбір нысанның жылыту маусымына толық дайын болуы алаңдатуы тиіс. Бірқатар қалалар мен аудандарда дайындық деңгейі әлі де төмен. Аягөз, Үржар, Бородулиха аудандары жұмысты күшейту қажет. Семей қаласындағы ірі жобалардың белгіленген мерзімде сапалы аяқталуы қатаң бақылауда болуы тиіс. Әлеуметтік нысандар бойынша да осындай талап қойылады. Мектеп, аурухана және барлық әлеуметтік нысандар жылыту маусымына толық дайын болуы керек. Көмір мәселесі де ерекше бақылауымызда болады", – деді Берік Уәли.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу