Абай облысындағы 1200 бала жазғы каникул кезінде тарихи жерлерді зерттеумен айналысады

287

Балалардың демалысын, сауықтырылуын және уақытын тиімді өткізуін ұйымдастыру тұжырымдамасы әзірленді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Абай облысындағы 1200 бала жазғы каникул кезінде тарихи жерлерді зерттеумен айналысады Фото: Абай облысы әкімдігі

Облыстық Білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиев балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша қолға алынған шаралар туралы баяндады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сауықтыру нысандарына қойылатын талаптар алгоритмдері, балалар мен ата-аналарға арналған жадынамалар әзірленді.

"Абай облысының 2024-2026 жылдарға арналған жазғы каникул кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру жөнінде басқармалармен және департаменттермен келісілген іс-шаралар жоспары бекітілген. Балалардың демалысын ұйымдастыру бойынша ведомствоаралық өңірлік штаб пен полиция, төтенше жағдайлар, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттері өкілдерінен құралған балалардың демалысын ұйымдастыруға мониторинг жүргізу бойынша ведомствоаралық комиссия құрылды. Жазғы демалыста әр баланы сауықтыруымен және демалысын тиімді өткізуін ұйымдастыру үшін алдын ала тізім жасақталды", – деді ол.

Білім беру ұйымдары демалысты ұйымдастыру жөнінде әдістемелік ұсынымдармен, сауықтыру лагерлерінің жұмысы бойынша алгоритмдермен, балалар мен ата-аналарға арналған жадынамалармен және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 1-10 сынып оқушыларына арналған "Сенің қуанышқа толы демалысың" Guidebook-ымен қамтамасыз етілді.

"Тарихи-мәдени мұраны сақтау және балалар туризмін дамыту үшін "Тропа открытий" жобасы қолға алынды. Жоба аясында 1200 баланы қамтитын 80 өлкетану жасағы құрылды. Олар аймақтың тарихи орындары мен көрікті жерлеріне баруға мүмкіндік алады, зерттеу жұмыстарымен де айналысады. Балаларға кәсіптік бағдар беру, техникалық және аграрлық салаларға қызықтыру мақсатында "Колледждердегі жазғы кәсіптік бағдарлау лагерлері" жобасы іске асырылатын болады. Биыл бұл жоба 9-10 сыныптардың 360 оқушысын қамти отырып, бейіні бойынша 5 колледжде басталады", – деді Нұржан Ахметқалиев.

Білім басқармасы Шәкәрім атындағы университетпен бірлесіп "JAS AKADEMIK-2024" жазғы мектебін ұйымдастыру бойынша жұмысты жалғастырмақ. Онда 130 дарынды бала теориялық білімдерін тереңдете отырып, түрлі деңгейдегі олимпиадаларға дайындалу мүмкіндігіне ие болады. Оқушылар эксперименттер, зертханалық зерттеулер, "Профессорлық сағаттар", тренингтер мен практикумдарға қатысады.

Аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев әкімдік отырысында Білім басқармасы, қала, аудан әкімдерімен және құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп жазғы кезеңде балалардың, соның ішінде әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалардың демалысын қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес ұйымдастырылуын қамтамасыз eтуді, демалыс лагерлеріндегі санитарлық және басқа да қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу